Анам айтқан 7 «өтірік»

Ол тамағына өксіп тығылып отырып төмендегі әңгімені айтқан еді.

Мен кедей отбасында өстім. Бала кезімде біздің үйде киер киім, ішер тамақ тапшы болды. Тамақ ішіп отырған уақыттарда анам өз үлесіндегі тамақты да менің кесеме бөліп сала бастайтын. Сол кезде бетіне қарағанымда: «Балам, сен жақсылап тойып жеп ал, менің қарным ашып тұрған жоқ» дейтін. Бұл анамның алғашқы өтірігі еді.

Бірде біздің қазанға қайдан келгені белгісіз тола балық асылды. Мен балық сорпасын сораптап жұтып, сүйектерін қомағайлана мүжіп жатып маған қарап отырған анама «Анашым, неге қарап отырсыз, өзіңізде жесеңізші, балық еті өте дәмді екен» дегенімде «Балам өзің тойып жеп ал, мен шынында балық етін аса жақтыра қоймаймын, жегім келмей отыр» дегенді. Бұл анамның маған айтқан екінші өтірігі болатын.

Әкем ауыр науқастан қайтыс болғаннан кейін байғұс анашым белі бүгілсе де әке орнына әке болу міндетін қабат көтерді. Күнкөрісіміз тіптен де төмендеп бара жатса да анашым мойымады. Өміріміз көрер көзге құлдырап бара жатқанын көрген жанашыр туысқандар анама басқа бір адамға тұрмысқа шығуға кеңес бергенін білемін. Сол кезде анашымның «Маған енді жанашырлық пен жылулықтың керегі жоқ» деген сөзін естіген едім. Бұл анамның айтқан үшінші өтірігі болатын. Өйткені ол кезде жап-жас анашым қамқорлыққа өте мұқтаж еді.

Мен мектепке кірген кезде анам өз жұмысымен қатар қосымша жұмыс тауып істеді. Қыстың бір суық түні тоңдым ба, әйтеуір жайсыз ұйықтап жатып ояна келсем анам май шамның өшкін жарығымен менің киімдерімді жамап отыр екен. Мен анама «Демалсаңызшы, таңертең ерте жұмысқа барасыз ғой» десем, анам: «Ұйықтай ғой балам, мен шаршаған жоқпын!» деп айтты. Бұл анамның маған айтқан төртінші өтірігі болатын.

Мектеп бітіріп ҰБТ тапсырып жаттым. Анам ауылдағы жұмысынан сұранып келіп, аудан орталығында тест тапсырып болғанымша мектеп ауласында күні бойы күнге күйіп мені тосып отырды. Тест тапсырып шыға келгенімде анам маған бола алып келген шайы мен сусынын аузыма тосып, жағары балл жинағаным үшін қуаныштан көз жасына ие бола алмай отырды. Сол кезде күнге тотығып, шаршап шалдыққан анама өзі әкелген сусынды ұсынғанымда «Өзің іше ғой балам, мен еш шөлдеген жоқпын» деген еді. Бұл анашымның маған айтқан бесінші өтірігі болатын.

Университет тәмамдаған соң мен жұмысқа орналасып анашымды демалдыру мүкіндігіне ие болдым. Мен жұмыс бабымен басқа қалаға орналасып, анама көмектесу үшін шамамша қаражаттар жіберіп тұрдым. Бірақ анам жіберген ақшаны қабылдап алмай маған қайта қайтарып жіберетін. Себебін сұрағанымда: «Маған ақшаның қажеті жоқ» деген жауап берді. Бұл анамның алтыншы өтірігі болатын.

Анам тіршілік заңы бойынша қартайып, науқасқа шалдықты.Анашымнан бірнеше шақырым ғана қашық жерде тұрсам да жанында күнделікті болып көмек жасай алмадым. Аурухана төсегінде таңылып жатқан анам төсегінен тұра алмай, тіптен кішірейіп, шөгіп қартайып кеткен еді. Мен кіріп барғанда ол қуанғанынан бетіме күлімсіреп қарағанымен ауыр науқастың ізі ажарын солғын тарттырып тұрған болатын. Анашымның аянышты түрін көргенімде жүрегімнің шаншығаны сондай көз жасыма ие бола алмадым. Анам маған қарап: «Балам жылама, менің науқасым тәуір болып келеді. Қазір еш жерім ауырып отырған жоқпын» деді. Бұл анамның маған айтқан соңғы өтірігі болатын…

Тағдыр ол кісіге маған тағы да «өтірік» айтуға мұрша бермеді. Мені мәңгілікке тастап кетті…

(Анашым есіме түсіп менде ағыл-тегіл жылап отырып оның естелігін қағазға түсірдім… «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» — деп жазған марқұм Қайрат Жұмағалиев ағамыз 70 жастан асқан кезінде анасы туралы әңгіме болғанда алдымен дауысын шығарып еңіреп тұрып жылап алғаны туралы бір жерлерден оқып едім.)

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Оцените статью
Добавить комментарий