Асханадан аш қайтатын қарияларым-ай…

«Ауыл жаққа бір барып қайтпасам» деп біраз жылдан бері ойлап жүрсек те, реті болмады. Ақыры шалқадан түсіп қиялдамасқа, ләж болсын ба, қиялға ерік бересің. Туған жердің шөбі де, шөңгесі де өлең болып, қурайы құбылған қу заманды сыбызғыдай сызылта жөнеледі. Көкірегің қобыздай күңіреніп, «бақсының моласындай жалғыздығыңды» еске салғанымен, «ескі заңымен жүрген еліңді» тау қозғалса, қозғалмас ұлы махаббатпен жақсы көретініңді сезінгеніңе де сансыз шүкір айтасың…

Ертеректе Алтайдың түкпіріндегі Шағанғолға киім-кешек сатып, сомка көтерген қытайлар келе бастады. Жабайы адам көргендей артынан тас лақтырып, ит қосамыз. Кейде кеш түсе бастағанда жаңағы саудагер қытай амалсыз ауылға бас сұғады. Шешелеріміз біздің қылығымызды жақтырмай: «Қытай да болса адамның баласы ғой. Қойыңдар, болды бейшараның мазасын алмай», – деп қалған-құтқан тамақты беріп, сыртқа төсек салып беретін. Ал ертесі төсек-көрпені жуып-шайып, апталап күнге жаяды. Тамақ ішкен ыдысын күлмен жуып, оны да күн түсетін жерге қояды. Былғанған ыдысты сырттан келген біреудің қолынан таппасаң, одан кейін ешкім де, «адамзаттың бәрін сүйген» шешең де сылтауын тауып, сыртынан итереді. Кейін құжынаған қытайлары көп қалада оқып жүргенде ауылдан үлкен кісілер іздеп келіп қалады. «Бөрі арығын білдірмей» қазақ, ұйғыр немесе дұңған ашқан дәмханаларға апарсаң да: «Әй, мыналарың мал сойғанда Аллау акпар дейтіндер ме? Жоқ, әлде, харам асты қылғыта беретін немелер ме?», – деп берген асыңның егжей-тегжейін сұрай бастайды. Қанша түсіндірсең де түшіркеніп ас ішпей, аш қайтады. Тамақтың табылғанына қуанып, жалмаң қағатын бізге ұзақ тесіліп қарайды… «Ауылда біреу арақ ішіпті» десе «адам өлтіріпті» дегендей, жұрт үрке қарайтын кез де сол шақ еді-ау!.. Қарын тойып болмаса қызара бөртіп отырып Отан, ұлт туралы әңгіме бола қалғанда байқамай лепіріп сөз айтып алып, артынша осының бәрі еске түскенде… ұят, ұят! Тұтас ағзаны тап-таза ұстайтын талғамды, көзге көрінбейтін қорған мен қоршауды сақтап қала алмай, ұзын-ұзын сөзге үйір сүрепет мынау…

Ырысбек Дәбей

Оцените статью
Добавить комментарий