Өзім аразбын, намысым араз емес…

Бұл әңгімені Башар ақсақал айтып еді. «Аралбай Құтжан қажымен жұлдызы жараспай өткендердің бірі Бақа батыр болатын. Ол заман батырлардың басынан бақ тайып, елдің тағдыр-тізгіні орыстардың қолына көшкен кез. Содан, амал жоқ, батырлар да мұқалып, «қазан бұзар, үй тентек» атанып, ауыл-үй арасындағы ұсақ-түйекке кіжіңдеумен күн кешетін болған. Құтжан мен Бақаның арасында да алып-жұлып бара жатқан ата жаулық жоқ, тіршіліктің қақ-соғына бола шарпысып қалатын болу керек. Мұндайда, Бақа батырдың найза шошаңдатып, қамшы жұмсап, қол көтеретінін көзіміз көрді.

Ол кезде Құтжан – болыс, қажылыққа бара қоймаған кезі. Бір жылы болыс сайлауы болатын болып, Құтжан мен Бақа бастаған он шақты адам Ақмолаға аттанды. Ақмолаға келсе, ояздың жемсауын толтырып қойған біреулер Құтжанның орнына болыс болатын болып, ісінің оңтайын келтіріп қойса керек.

Енді не шара?! Құтжанның  жүні жығылып, иіні түсіп кетеді. Сонда Бақа батыр шалт қимылдап, қылышын беліне қыстырып, шолақ найзасын қолына ұстаған қалпы ояздың кеңсесіне кіріп келеді ғой.

Кіріп келген бетінде: «Осыдан Құтжан болыс болмаса – бунт бунт… бунт бунт… бунт бунт!» – деп, найзасымен еденді үш рет түйіпті де шығып жүре беріпті.

Орыстар пара алуға мәттақам болғанымен, бунт-ереуіл дегеннен қорқатын халық. Иманы қасым болған ояздың екі көзі тас төбесіне шығып, әлгі пара бергеннің парасын өзіне қайтып беріп, сол жолы Құтжан қайтадан болыс болып сайланады.

Содан, көңілдері жайланған қазақтар мәз-мейрам болысып, әзіл-қалжыңдары жарасып елге қайтып келе жатады ғой. Сөздің бір реті келгенде ерігіп келе жатқан жігіттердің батылдау біреуі Бақа батырға қарап тіл қатады: «Батыр-еке, бір гәптің мені таңғалдырып келе жатқаны… Сіз ғой, ауылда жүргенде Құтжекеңе күн көрсетпеуші едіңіз. Дүниеде екі адам араз болса, сол сіздер шығар деп ойлаушы едік. Сөйтсек, араздықтан да бұрын, арғы жағыңыз Құтжекеңнен қаймығады екен. Олай дейтінім, Құтжекең болыс болмайды-ау дегенде, ояздың төрі былай тұрсын, көріне кіріп кете жаздадыңыз ғой!» – депті.

Сонда, Бақа батыр әлгі әзіл айтқан жігітке ошарыла бұрылып: «Ой, шірік неме, Құтжанмен менің араз екенім рас! Онымен өле-өлгенше араз болып өтетініме де шәк келтірмеймін. Бірақ Құтжанмен өзім араз болғаныммен, намысым араз емес қой! Соны да білмеймісің?!» – деген екен.

Ақселеу Сейдімбектің жазбасы

Оцените статью
Добавить комментарий