Тарақаннан қалай сақтанамыз?

Қала тұрғындарының арасында тарақанды білмейтіндер некен-саяқ болар, кей адам оның атына онша қанық болмағанымен, тұрмыс ортамызға ентелей кеулеп келе жатқан осы бір ұзын мұртты, сүйір бас, тік қанатты ұзыншақ жирен қоңызды кезіктірмегендер, сірә, жоқ шығар-ау? Өз басым, табиғатқа қатты құмармын, жан-жануардың сырын білуге талпынып жүремін. Тарақандармен талай рет «шайқасып» көргемін, неше дүркін үйді олардан құлан-таза арылтып та тастағамын. Деседе, көрші-қолаңымыз бұларды аластауға онша сәйкесіп кетпегендіктен, аз уақыттан соң үйімізде қайта сумаң ете қалатыны тағы бар. Енді міне, тарақан құртудың майталманы болып шықтым.

Тарақан – жемқор әрі арам насеком, ол адамзаттың түрлі азықтарын құныға жеуден тыс, қақырық, нәжіс, қоқыр-қоқсық сияқты өте лас нәрселерге де құштар. Құрамында крахмал мен қанты мол жемектіктерге тіпті әуес. Оның түкті денесі ілестірген бактериялар, вирустар, паразит құрт жұмыртқалары тағамдарды  ауыр дәрежеде былғайды. Сондықтан тарақан дизентерия, іш сүзек, полиомиелит қатарлы  ішек жолы жұқпалы ауруларын оңай таратады. Мұнан сырт, тарақан бір түрлі сасық иісті май тәрізді зат бөліп шығаратындықтан, ол тұрақтаған орындар мен жеген азықтарда сол жағымсыз иіс қалып қояды. Бұл иістен адамның жүрегі айнып құсады, кей адамға аллергиялық әсер көрсетеді. Қазір кейбір сирек кездесетін жұқпалы аурулардың тарақанмен болған байланысы зеттелу үстінде екен.

Айтар болсақ, қала-қалашықтардағы кей әлеуметтік орындардың, азық-түлік дүкендері мен асханалардың, қонақ-жайлардың іргесінде өсіп-өрбіп келе жатқан бұл зиянкестердің саны өте көп, жасырын базары бар. Әжетханалардан және қоқыр-қоқсық арасынан манағы жайларға сауғалап кіретіндері де баршылық. Мұндай орындардағы тарақанды түбегейлі жоюға бірнеше адамның яки бір орынның шамасы жетуі неғайбыл. Тек бүкіл жұрт саналылықпен жұмылғанда, қатысты мекеме-орындар шынайы мән беріп, нақтылы шараларды қолға алғанда ғана тарақанның таралуын тежуге болады. Егер үйде тарақаннан бір-екеуін байқасаңыз, әсте немқұрайды қарамаңыз, көмескіде неше ондағаны, яки жүздеген, мыңдағаны жасырынған болуы мүмкін. Дегенмен құныттап іске кірссеңіз, тұрағыңыздағы оларды түбегейлі құртуыңызға әбден болады. Ол үшін олардың қыс пен жаздағы әрекет ерекшелігіне қарай көп түрлі ұтымды шараларды қолданыңыз.

Қыс мезгілінде тарақанның негізгі тұрағы мен тұқымын өрбітер апаны басқа емес, үйіңіздегі жылу құбырлары, онымен жалғасар қабырғалар мен қондырғылардың іргелері және маңайындағы қуыстар. Өйткені, осы орындар қыстыгүні құбырға жылу әлсыз берілген кезде де біршама жылы тұратындықтан тарақан үшін табылмас қоныс саналады. Үй ішінің темпрература өзгерісі бірде суық, бірде жылы (біз жақта дерлік қалыпсыз) тұрақсыз болғандықтан тарақандардың жортуы сирейді, көп сандысы шамалы уақыт жатып алады. Бұл тарқанды қысқа уақытта жоюдың айтарлық орайы саналады. Осы орындарға кез келген дүкендерден сатып алуға болатын кадімгі зиянкес жойғыш бүрікпе дәріні әбден шашып шығыңыз. Егер жылыту қондырғылары әшекеймен қапталған болса, әшекейлі қаптаманың ішкі жағы тарақан мен балапан құртының, жұмыртқасының мекені болуы мүмкін. Дәріні сол орындар мен ас үй, тазалық бөлмесінің түпкірлеріне бүркіңіз. Осы әдіспен тарақанды қысқа мерізім ішінде жойып жіберуге болады. Тарақан өлекселерін дереу сыртқа шығарып бір жақты етіңіз, не өртеп жіберіңіз, өйткені ұрғашыларының құрсағында нығыз қабықты жұмыртқалары болатындықтан, у дәрі буланып күшін жойған кездерде жұмыртқадан балапан құрттар өрбіп, тарақан лаңы қайта басталмайды деуге болмайды. Абзалы, манағы дәріні күн аралатып 2-3 қайтара шашқанда өнімі тіпті көрнекті болмақ.

Жаз күндері үйдегі тарақандармен күресу оңайға түспейді. Олар күндіз су құбырларының маңында, тағам шкафының қуысында, еденге тақтай жатқызылған болса соның жапсарларында, тазалық бөлмесі мен ас үйдің кез келген түпкірінде, өте-мөте, су тиген, ылғалданған орындарында жасырынып жатады. Әсіресе, күн ашық кездері оларды мүлде кезіктіре алмайсыз. Олар негізінен түнде, кейде күндіз бұлтты күндері ғана қимылға шығады, күшті жарық , шуыл және тербелістерге жолықса, дереу тасаланады. Сондықтан, ашық күндері тарқан көп жасырынатын жерлерге жоғарыдағы бүрікпе дәріні шашып, олардың недәуір бөлегін құртуға болады. Алайда, жазда қимылы тездейтіндіктен, сондай-ақ үйдің кез келген жерін бытырай мекендейтіндіктен, дәрі шашқанда олардың бір бөлегі дәрі иісінен сескеніп, жатын бөлменің қуыстарына дейін бас сауғалауы мүмкін. Ал осы «қалдық жауды» жоюда неорганикалық тұз – боракстан жасалған тарақан қырғыш жемді өзіңіз-ақ жасап аласыз. Боракстің басты құрамы Na2B4O7.10H2O, яғни төрт бор қышқыл натри, түссіз кристал, дәрігерлікте ыстық пен уытты қайтарғыш ретінде істетіледі, дәрі дүкендерінде дерлік сатылады. Одан тарақан қырғыш жемді былай жасап істетеміз: боракс пен ұннан тең үлес алып, оған үштен бір үлес қант қосып қамыр илейміз. Сосын одан ұсақ түйіршік жасап, тарақан жиі жүретін орындарға, мүмкін болса, бүкіл үйдің түпкір-түпкіріндегі аяқ баспайтын жерлерге сеуіп тастаймыз. Бұл дәрінің өнімі біршама ақырын болғанымен, денсаулыққа кері ықпал тудырмайды. Ескерте кетеріміз: тартқыш жемді шашудан бұрын еденде азық қалдықтары мен нан-пан қоқымдары болса, әбден тазалап бір жақты еткеніңіз жөн, әйтпесе, дәрінің рөлі онша көрнекті болмайды. Жоғарыдағы дәріні жасауға құнттай алмайтын кездерді ескергенде, егістік дәрілерін арнаулы сататын орындар мен кейбір ірі дүкендерден қажетті тарақан қырғыш дәрілерді таба аласыз. Дегенмен, дәрінің қымбатына жүгірмеңіз, бәрін де амалият арқылы ғана ішкерілей ұғынатын боласыз. Қазір Қытайдың Шынжаң өлкесінде жұрт тарақан жоюға сантүрлі дәрі қолданып жүр, бір қызығы, өнімі ең көрнектісі – Қазақстаннан импорт етілген желім тәрізді  дәрі болып отыр. Мұны әрине, өз тәжірибем мен жұрт аңысына сүйеніп айтып отырмын, Әсіресе, Гель деген түрін көп істетіп көрдім. Түбін қуғанда, Қытай өндірген көп санды тарақан дәрілеріне қарсы ондағы тарақандар иммунитеттік қабілет әзірлеп үлгергені жасырын емес.

Тарақанды жоюға ден қоюмен бірге, оның өрбуінен сақтануды ұмытпағанымыз жөн. Ғимарат үйлердегі тарақандар негізінен су және жылу құбырларының қабаттар арасындағы саңлаулары арқылы таралады, мұның түп көзі _ тұрғын үйлердің төменгі қабаты мен ғимарат сыртынан келеді. Сондықтан, олардың кіру көзін үзіп тастау керек, ол үшін үйдегі саңлауларды түгел бекітіп тастаңыз, бұған кадімгі гипсті істетсеңіз болады. Бұдан тыс, сырттан енген ағаш жәшік, қағаз қораптар арқылы ілесіп келетін тарақандардан сақтаныңыз.

Тарақанның 2 мыңнан артық түрі бар болып, көп сандысы жапан түзде тіршілік етеді, тек шағын бөлегі ғана үйде жасайды. Қазақстан мен Шынжаң өңірінде жирен және қара түсті екі түрі біршама көп тараған.  Бұлардың саны көп, өсімтал келеді. Әсілі бұлар да ыстық белдеу мен ылғалды климатқа бейімделген насеком тобыры еді, кейін келе райондар ара қатынас-тасымалдың артуына, сондай-ақ, қыста қатынайтын пойыз бен автокөліктердегі жылыту шарт-жағдайының жақсаруына байланысты олар жылы, ылғалды өңірлерден Орталық Азияның жер-жеріне, Шынжаңның түкпір-түкпіріне таралып отыр. Тарақанның адамзат денсаулығы мен экономикалық құрылысқа жеткізер зиянын төмен мөлшерлеуге келмейді. Кезекте, дамыған елдер тарақан мәселесін шыбын мен масаны жоюдан да маңызды орынға қоюда. Ендеше, тарақанды жою мен одан сақтануға жұмыла кірісіп, ерте қамдану керек.

Өркен Ақбердіұлы,
ҚХР, Құлжа қаласы

Оцените статью
Добавить комментарий