Бала – ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы

Білімсіз адам өмір сүре беруге болады. Ал, тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды. Бұл туралы ғұлама ғалым Ибн Сина: «Баланың  дене тәрбиесі және такамүлі /білім-танымы/ бірге жүргізілуі қажет» – дейді. Сол сияқты «Балаларымыздың қарындарын тойдырғандай рухани әлемін де толтыруымыз қажет»-дейді Микаэл Маршалл…

Адамға жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтану үшін аса үлкен тәрбие керек. Сәби нені біледі деп, немқұрайлы ойлағандықтан болып қателесіп жүрген жағдайымыз да аз емес. Нәресте сөйлей алмаса да бәрін түсінеді. Сондықтан оның қасында албаты келеңсіз жағдай жасауға, былапыт сөйлеуге, айқай-шу көтеруге болмайды.
Әр ата -ана баласын жақсы адам болса екен деп армандайды. Алайда, ол тез арада тамаша адам бола қоймайды. Баланы жақсы адам болдыру үшін оның негізін ата- ана өзі қалауға тиіс. Ол үшін өздері арасынан сыпайы қатынасып мәдениеттілік танытумен қатар оғаш мінез шығармауы қажет.  «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі»-деген аталы сөз осыдан қалған.

Кейбір ата-аналар баланы ұрып-соғып, қорқытып тәрбиелеймін деп қателік жасап та жүр. Бұл жақсы тәрбие болмайды да керісінше сол баланың қатігез болуына немесе қорқақ болуына ықпал етеді.
Сондай-ақ баланы мән мағынасыз еркелететін ата-аналарда жиі кездеседі. Еркеліктің де жөні бар. Көп еркелеткен бала өз білермендігімен кетеді де, әрі әке-шешесінің тілін ала бермейтіндігі кездеседі. Қандай бір жағдайға төзімсіз, оспадар тентек болып кететіндері де бар. «Егер бала ерке болып өсетін болса, онда өмірін жылап өткізеді»-дейді ғалымдар.

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұрпақтарын “сегіз қырлы, бір сырлы” өнегелі де өнерлі, иманды да инабатты,  ар-ожданы жоғары, намысқой етіп тәрбиелеп келді. Ол кезде салт-дәстүр, наным-сенім әдет-ғұрып, жора-жосын, үлгі- өнеге арқылы ешкімнен кем-қор болдырмай тәлім тәрбие берген. «Бала – әке-шешеге берілген аманат. Егер бала жақсылыққа үйретіліп жақсы мінезді болып өсетін болса, онда дүниеде де ақыретте де бақытты болады”- дейді, ғалым Ибн Мискеуейх.

Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана өздері белгілі деңгейде тәлімді, үлгілі, өнегелі болуға тиіс. Ең алдымен бала тәрбиелеуші ата-ана өзіне мән беруі жөн. Өте қатал болсаңыз балаңызды ренжітіп жүрегіне қаяу саласыз. Егер өте мейірбан болсаңыз балаңыз момын, ынжық болады. Егер балаңызды қараусыз жіберсеңіз қоғамға да, өзіне де зиян. Яғни өз бетімен кеткен бала басқаға еліктеп жаман тәрбие алатыны бар.

Егер де әке-шешесі бұзық болса олардан тәлім алған бала жөнді болмайды. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді демекші, солардың кебін киеді. Сондықтан бала тәрбиелеймін деген кісі ең алдымен өзін өзі тәрбиелегені жөн. Ақылды да парасатты болу – тәрбиеге тығыз байланысты. Ақылды адам өмірден алған сабағы арқылы білімді келеді.
Сіз балаға жөн сілтемесеңіз де, ол сізге қарап өседі, әрі істегеніңізді қаз-қалпынша жасайтын болады. Бала тәрбиені – тыңдау, қимыл іс-әрекетті көріп соған еліктеу арқылы алады.

Бала қандай телехабар тыңдап, қандай кино көруге болады, нені оқуға болады дегенді ата-ана айтып түсіндіріп отырса. Әсіресе қажетті әңгіме, ақыл кеңестерді тұрақты тыңдатса. Тиісті ұйымдар бірлесіп әртүрлі қоғамдық жұмыстар ұйымдастырса, оған құзырлылар мұрындық болса қандай жақсы. Кейбір қоғамдық ұйымдар бірін бірі жарылқап жартыкеш ұран көтеруден әрі аспайды. Балалар құқы жөніндегі құзырлы ұйымдар баланың тәрбиесінен гөрі өзінің қамын бірінші дәрежеге қояды. Құзырлы азаматтардың аузынан құрдымға кетіп бара жатқан бала тәрбиесі туралы сөз естілмейді. Лев Толстой: “Өмірде шүбәсыз бір бақыт бар. Ол өзгелер үшін өмірін арнау”-дейді. Өзгелер үшін өмірін толығынан арнамаса да ұқсап бағып бұзылыңқырап бара жатқан жас өспірімдерге қол ұшын беріп ары қисайса бері тартып, адамгершілік танытып тәрбиелейтін болса, болашаққа деген үлкен қамқорлық болары даусыз.

Тәлім-тәрбиені ата-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым, наным, сенім, өсиет, қағида, діни тәрбиеге тығыз байланысты етіп ұштастыратын болсақ, тіпті тамаша болады. Гегель: “Балаға ойлағанын істейтін мүмкіндік беру – тәрбиенің ең жаман тәсілі” дейді. Атақты педагог В.А.Сухомлинский: «Заңға, тәртіпке, қоғам нормасына бағына біл, дүниедегі ең парасатты нәрсе заңға бағына білу, ал, мұның өзі еркіндіктің бір көрінісі»-дейді. Заңды бұзуға болмайтындығын жас жеткіншектерге ескертіп отырған абзал. Дұрыс тәрбие адамның өзін түзейді. Ал, теріс тәрбие адамды бұзады, тоздырады.

Тұрмысханұлы К.

Оцените статью
Добавить комментарий