Әр іске байыппен қарап, сабырлы болмақ керек (әңгіме)

Бойжеткен әуежайда отыр. Ұшуға әлі ерте. Сондықтан да осындағы дүңгіршектен бір қорап жұмсақ тоқаш және өте бір қызығылықты кітап сатып алды. Сосын оңашарықтағы бір орынға отырды да кітаптағы қызықты мәліметтерден көз алмай оқи отырып, арасында жанына қойған қораптағы тәтті, жұмсақ тоқашқа да қол созып бір-бірден аузына сала отырды. Кітаптағы оқиғаларға қаншама құмартып көз ала алмай отырса да қарсы жағында отырған бір жігіттің оның қораптағы тоқашынан еш қымсынбай алып жеп отырғанын байқамауға болмайтын еді.
Біраздан соң өзінің тоқашынан қысылып-қымтырылмай, кешірім де сұрамай қайта-қайта алып жеп отырған жігттің қылығына бойжеткеннің жыны келе бастады. «Егер мен мәдениетті адам болмасам мына ұятсыз жігіттің бетінен баяғыда-ақ бір салар едім» деп ойлады бойжеткен.

Бойжеткен қорапқа қол салған сайын жігіт те ұялмастан қатарласа қолын сұғады. Ол екеуі осылайша жарыса жеп отырғанда қорап түбінде бірді екілі ғана тоқаш қалды. Бойжеткен «Енді бұл қайтер екен?» деп ойлап үлгермей жатқанда әлгі жігіт қорапқа қол салды да қалған бір тоқашты ортасынан қақ бөліп жартысын қыздың қолына ұстатты. Жігіттің бұл қылығы бойжеткеннің қытығына тигені сондай, бірақ қанша ашуланса да өзін-өзі ұстауға дәрмені жетті. Дәл осы мезетте бойжеткеннің ұшатын бағытындағы ұшаққа отыруға жолаушыларды шақыра бастады. Ашуын келтірген арсыз әрі ұятсыз жігіттің жанынан тез кетіп жоғалғысы келген бойжеткен де сумкасы мен кітабын ұстап атып тұрды. Тоқаш ұрлаушы ұятсыз жігіттің бетіне бұрылып та қарамады.

Бойжеткен ұшаққа кіріп жұмсақ орындыққа жайланып отырған соң сумқасын ашып қолын сала берді де селк ете түсті. Өйткені өзінің әуежайдан сатып алған бір қорап тоқашы сумкасында екен. «Ой масқара! Енді қайттім…» деп ойлады беті ду ете түскен бойжеткен. Кешірім сұрауға әбден кешіккен еді. Өйткені біреудің тоқашын ешбір рұқсатсыз алып жеген нағыз ұятсыз адам бойжеткеннің өзі болып шықты.

Жігіт өзінің тәтті тоқашына рұқсатсыз қол сұғып, қомағайлана жеген «ұятсыз бойжеткенге» бір ауыз тіл қатпақ түгілі, ең соңғы тоқашына дейін бөліп ұсынған екен…

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Оцените статью
Добавить комментарий