Қазаққа қандай мамандық керек?

Кеңес Үкiметi тұсында ауылдан келген қара көз қыздарымыз бен ұлдарымыз ҚазПИ, ҚызПИ, АШИ (СХИ), АЗМИ-дiң (АЗВИ) табалдырығын босатпайтын. Дерлiгi мұғалiм мен мал технигi, мал дәрiгерi болуды қалайтын. Ал, қазiр бұл оқу орындарының ауласынан бұрынғыдай иiн тiрескен жұртты көре алмайсыз. Керісінше жастар қазір заңгерлер мен кеденшiлер, экономистер даярлайтын оқу орындарының есiгiн жағалап, дарбазасын керiп тұрады.

Қазіргі жоғары оқу орындарын бiтiргендердің 4,3 бөлiгi заңгер, экономист, кеденшi мамандықтарын құрайды. Олардың ойынша сол кәсіп иелерінің болашағы зор. Жоққа шығаруға болмайды, ол мамандықтардың табар табысы басқалар­ға қарағанда көптеу. Әйтсе де қазіргі таңда нақ осы мамандықтар бойынша оқу бітірген­дердің жұмыс тауып, бір жерге сіңісіп кетуі екіталай. Соның салдарынан бүгінде көптеген жастарымыз дипломдарын құшақтап, құрылыста, базарда немесе  көлік жуу стансаларында жұмыс жасап жатқандары ақиқат. Мамандық таңдау барысында талапкер де, ата-ана да жақсылап ойланғаны дұ­рыс. Әр адам өз маманының шебері болуы керек. Өйткені бүгінгі ұғым мүлде басқа. Баяғыда дипло­мы бар деп, жұмысқа қабылдай­ беретін. Ал қазір қолыңнан іс келмесе диплом­ның бар-жоғы бәрібір. Ал тыңғылықты тірлік ете алсаң аш қалмайсың. Сол үшін жастарға «модный» емес, өзінің жаны сүйетін маман­дық­ты таңдауға мүмкіндік беру керек. Және кәсіпті  таңдауда ең алдымен Қазақстанның қай бөлігінде, облысында тұратындығына көңіл бөлгені жөн-ау. Себебі, ол өзінің тұрғылықты жеріне қажет мамандықтың иесі болар еді. Мысалы, Манғыстау облысында мұнай өндірісі қалақұрарлық өндіріс ошағы болғандықтан көп жастар мұнайшы немесе сол салаға жанама қатысы бар мамандықтарды таңдайды екен.

Бір жағынан алып қарасаңыз көше сыпырушы болсаң да, сол істің асқан шебер маманы болуың керек. Мамандықтың бәрі керек. Қазір ойлап қарасаңыз қай мамандық иелері артылып жатыр? Ешқандай. Егер маман барлық салада жеткілікті болса «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы керек емес болып қалар еді. Бір ғана мысал, +1С бухгалтер мамандығына бухгалтер іздеп жатқан фирма, кәсіпорын. Айлығын жоғары берем деген жарнамалар толып жатыр. Бұрынғы бухгалтерлердің барлығы уақыт талабына орай жаңа компьютерлік бухгалтерияға өтуі керек. Елімізде бүгінгі күні юристер, экономистер және гуманитарлық саладағы мамандар өте көп. Әр салада әр түрлі манадардың жетіспейтіні шындық. Бірақ та қандай мамандықты таңдасаңда кәсіби деңгейде меңгеруге тырысу керек.

Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілет­ті­лігін арттырудағы негізгі факторлардың бірі білім екендігі дау тудырмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бүкіл қазақстандық ЖОО алдына әр азаматтың алған білімі мен біліктілігі әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маман болатындай білім деңгейіне жетуді міндет етіп қойды.  Негізінен алғанда, индустриалды және информациялық технологияның даму заманына өткен соң, ірі өндріс ошақтары – көп мәселені шешетін объекттерге айналған. Егер де, мұнайшының баласы Астанаға немесе Көкшетауға көшсе не істер еді? Міне сол себепті ол экономика мамандығын игеруге тура келеді. Маңғыстауда экономиканың локомотиві болып тұрған әзірге осы мұнай саласы. Облыстың ішкі жалпы өнімінің 90 пайызын мұнай саласы екені айтпаса да түсінікті. Ал Қазақстанның ІЖӨ-нің 60 пайызы тағы да осы сала. Инвестиция көбіне осы салаға келіп жатыр. Стабилизациялық қордың көп бөлігі осы саладан келіп түскен қаражаттан құралған.

Экономикада барлығы бір-біріне байланысты және басқа жанама салаларда осыған байланысты дамиды. Сондай байланыстың әсерінен қазір дағдарыс салаларды шетінен күйзеліске ұшыратты. Кейбір салалар бойынша мамандар тұрмақ сол саланың негізгі базасы жетіспейді немесе тіптен жоқ десе де болады. Мысалы, Президент нанотехнологиялық орталықтар мен зерттеу институттарын қалай болғанда да дамыту керек деген-ді.  Қазіргі дамыған елдердің соңына түсіп жүре берсек, оларды қуып жете алмаймыз. Сондықтан олармен бірге жүру үшін нанотехнология саласын дамыту керек. Бұл сала дамыса, өзімен бірге химиялық биология, биотехнология сынды ғылымның тармақтарын да қоса алып жүруге түрткі болады. Себебі, олар бір-бірімен тығыз байланысты. Мамандарды осы салаға баулу жұмыстары басталып та кетті. Осы тұрғыда ҚазНТУ да жаңа техникалармен жабдықталған лабараториялар іске қосылған. Өкініштісі, білімді мамандардың тапшылығында. Бүгінде елімізде техникалық мамандығы бар кадрлар тапшы екені мәлім. Айталық, облыстар­дағы комбинаттар мен зауыттар 5400 орта буынды маманға зәру. Оларды шебер де білікті толқынмен толықтыруға ықпал ету бізге зор жауапкершілік жүктейді Бұрын да техникалық бiлiмi бар мамандар көп емес едi. Қазiр де сол көрiнiс белең алып отыр. Әсiресе, заманауи техникадан хабары бар қандастарымызды емге таба алмайсыз.

Сол сияқты, ауыл шаруашылығының мамандары аса қажет. Себебі, бүгінде маман аз, ал сұраныс көп ең алдымен агроном мамандары аз. Жеке өнеркәсіпті меңгерген адам ешқашан далада қалмайды. Ауыл – ауыл деп шулаймыз. Сол ауылдарға мал дәрігері жетіспейді.. Ет өндіретін зауыт, оған өнімін әкелетін малшы, ал малын емдейтін мал дәргері, еттің сапасын анықтайтын мекемелер бар. Мұражай ісіне де сұраныс көп. Мұнай өндіру мен өңдеу жұмысында да өзіміздің ұлттан шыққан жетік мамандар аса қажет. Химиялық тамақ өнеркәсібінің болашағы да өте зор. Себебі бұл мамандықтарды меңгерген әрбір азаматтың  келешекте өзінің жеке өнеркәсібін ашуға мүмкіндіктері мол болмақ. Сондықтан, қазіргі мектеп бітірген түлектер «қандай кәсіп иесі болғанда елге пайдам тиеді?» деген сауал төңірегінде ойланғаны абзал.

Осыдан екi-үш жыл бұрын геоақпаратпен қамтамасыз ететiн бiр орталықтың басшысы: «инженер-геодезист мамандығын алған бiр қазақ таба алмадым. Неге балаларымыздың осындай сұранысқа ие мамандықтар алуына мүмкiндiк жасамаймыз» деп, қынжылғаны есiмiзде. Осы жерде: шетiнен жоғары оқу ордасын тәмамдап, беделдi қызмет атқаруды аңсаған жастарымыздың мансап қуып, қара жұмыс iстеу былай тұрсын, дәрежесi сәл де болса төмен қызметте жүргендерге төбеден қараушылыққа дағдыланғанына ата-аналар мен қоғам өзi негiз қалап отыр-ау деген ой қамшысы сананы ерiксiз осып өтедi.

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

Оцените статью
Добавить комментарий