16 мамыр күні «Таң» телебағдарламасын көріп отыр едім, бір өрімдей жүргізуші қазақ қызы басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінде сауал қойып жүр екен. Сол жерде жүрген ерлі – зайыпты жандардан «қазақтардың қандай ерекше қасиетін білесіздер?» деген сұрағына, әлгілер не айтарын білмей абдырап қалды да «иә, еске түсті, қазақтар бір-бірін көре алмайды, бір – бірінің аяқтарынан шалады және өсекші болады, міне қазақтардың осындай ерекше қасиеттері бар» дегенде, сауал қойған қыз оларды тойтарып тастаудың орнына іздеген жауабын тапқандай қуанып сала бергенін көргенде қаным басыма шапты.
Сөйтіп теледидарды сөндіріп тастасам да, әлгілердің жауабынан біразға дейін өз-өзіме келе алмадым.
Сонда басқа ұлттарға қазақтар ауыз – бірлігі жоқ, өсекшіл, жалқау, кертартпа болып көрінеді екен. Жағдайымыз не деген аянышты.
Әлгілердің ойына қарағанда қазақтар бір-бірінің аяқтарынан шалса ел басқарып жүрген қазақ басшылары қайдан келді, ал өсек айтты деген тіптен барып тұрған жала. Екі адам кездессе алдымен амандығын сұрайды, жұмысын сұрайды, қуанышы мен ренішін бөліседі, көрген білгендерімен ой алмасады. Онда тұрған не бар. Осындай қазақ ұлтына тән емес қылықтарды қазақтар өздеріне-өздері жапсырады деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін. Оданда өз – өзімізді неге мақтамаймыз. Жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды неге асырмаймыз?!
«Қазақтың жауы қазақ» деп бір қойдық, ал корей мен корей, орыс пен орыс, украиндар мен украиндар, неміс пен неміс соғысты, бірақ олардың бірде біреуі өз-өздерін жау демейді, неге дейсіз ғой, себебі олардың ұлттық рухы биік, олар өздерінің араздығынан ұлттық қасиеттін жоғары бағалайды. Осындай қасиет біздің ұлттың бойында жоқ емес, бар! Бірақ өкінішке қарай көрсете алмай жүрміз.
Сондықтан бауырлар! Ағайын-тустар! Өз өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, бір-бірімізді сыртымыздан жамандауды қойып, мәдениеті жоғары елдердің қатарына қосылуды мақсат қылып, тұғыры биік ұлт болайықшы.
Ерсін ЕРҒАЛИЕВ