Әкесін қарап қызын ал!

Қазақта «Шешесiн қарап қызын ал» деген ұғым бар. Алайда құда түсер, қызын алар уақытта «шыққан тегi қандай екен?» деген әкесiнiң қоғамдағы, жанұядағы орнын сұрайтын шешушi сауалдың туын­дайтыны анық. Өйткенi тектi жерден шыққан қыз тектiлiгiн етедi, тексiз жерден шыққан қыз түбiнде терiс кететiнiн ерте­ден байқап, болжаған. Дегенмен бұрын қыздың негiзгi тәрбиешiсi шешесi болатын. Қыз шешесiнiң ұстанымын, қонақ күтуiн, әдет, ғұрпын  үйренген. Ал, күйеуiн сыйлау, құрметтеу ол кездегi ана­лардың барлығына тән қасиет едi. Жолдасының сөзiн бөлмек түгiлi алдын кесiп өтпеушi едi нағыз аналар. Мiне, сондай әкеге деген ананың құрметiн көрiп өскен қыз, өзiнiң күйеуiн де солай құрметтеп, өзiн де лайықты құрметке ие еттi. Сондықтан қыз таңдарда оған үйдегi әке ролiн қоспаған едi.

Бұл сан жылдардан бергi тәжiрибе болатын болса, неге өзгеше кеңес берiп отырсыз деуiңiз мүмкiн. Оның үстiне бүгiнде де қыз тәрбиесiмен әке айна­лыс­пайды ғой дерсiз. Бұл сауалға жауап iзде­мес бұрын әуелi осыған қатысты  ғалым­дардың зерттеме нәтижесiн ұсынайық.

Ғалымдар, Нәзiк жандылар қауымы болашақ жарының әкесiне ұқсағанын құп көредi деген теорияны қалыптастырды. Расымен де солай ма? Және оған не себеп болды? Ғалымдарды әрi қарай тыңдайық.

Теория расымен де дәлелденген, бұл сөзге сенушiлердiң қатары да көп. Әрине, ару­ларымыздың 100%-ы мұнымен келiсе қоймас, дегенмен, әкесiнiң қылықтары мен мiне­зi ұшырасатын жiгiттi iздейтiндердiң бар екендi­гiн ауыз толтырып айта аламыз деген зерт­теушiлер мына дәлелдердi алға тартады:

Сiздiң өсiп-жетiлу кезiңiңiзде көз алдыңызда әрдайым бiр ғана еркек жүрдi. Ол – әке. Оның анаңызбен қарым-қатынастары да сiзге үлгi болатын. Тiптi, басқалай қарым-қатынастың болатын­дығын бiлмей де бойжеттiңiз.

– Әкеңiздiң сiзге деген көзқарасында махаббат толы болатын. Және ылғи да махаббатпен жауап беретiн. Сол себептен де, оған ұқсайтын жiгiт iздейсiз. Бiрақ, бұл әке мен қыз арасындағы қарым-қатынас екен ескермейсiз. Ал, жұбайы мен ер азамат, қызы мен әйелi арасындағы қатынасты ер адам екi түрлi ұстайды. Тiптi, қызының көзiнше әйелiне еш ауыр сөйлемейдi. Ал қыз сол қатынасты өз күйеуiнен талап етедi. Ол анасына әкесiнiң қай кезде қатал болғанын көрмедi. Бiрақ, өмiр балаңның көзiнше сақтаған сыпайылықты сақтап, жұмсақ жүре бермейдi ғой.

– Әкеңiздiң барлық әдетi мен артықшылықтары сiз үшiн үйреншiктi нәрсеге айналған. Ондайда өзiңiздi қалай ұстау керек екендiгiн де бiлесiз? Сондықтан, әкеңiзге ұқсайтын жiгiтпен тез тiл табысып кете алатындайсыз, болашағыңызға сенесiз.

Алайда, бәрi де керiсiнше болуы мүмкiн. Егер, әртүрлi себеппен әкеңiз екеуiңiздiң арақатынас­тарыңыз жақсы болмаса, ондай жiгiттерден аулақ болуға тырысасыз. Қалай болғанда да, жарыңыз екеуiңiздiң өмiр сценарилерiңiз дәл әкеңiзбен арадағы оқиғаларды қайталайтын болады. Бiрақ еркектiң аты еркек екенiн ұмытып, әкесiндегi байланысты iздеу үлкен қателiк болады.

Бұл Еуропа ғалымдарының кеңесi. Салт санасы бөлек болса да бүгiнгi күннiң мәселесiне айналып отыр бұл. Себебi, бiздiң қыздарымыз да өзiнiң күйеуiнiң әкесi секiлдi қарым-қатынаста болғанын қалайды және еркекке деген ұғым солай қалыптасады. Ал, бүгiнгi бiздiң әкелерiмiздiң үйдегi рөлi қандай?

Жасыратыны жоқ, кешегi Кеңестiк кезеңнiң жас жiгiттерiнiң басым көпшiлiгi арақ iшiп, темекi тартып өз беделiн үйiнде бiраз түсiрiп алды. Шайтан судан iшiп алып аузына не келсе соны айтып, отырған жерiн ластап әйелдiң де, балалардың да алдында сөзi өтпей, бейшара халге түстi. Осыдан соң үйде ананың ғана сөзi жүрiп, мерейi үстем болып, әкеге құлақ аспау пайда болды. Өз орынын жоғалтқан әке бұдан соң салмақты сөйлеуден қалып, үйдiң майда-шүйде тiрлiктерiне дейiн араласты.

Осылайша өзi мезi еткен әйелiнен: «Сен алқашсың, мәжнүнсiң» деген лайықты сөздердi естiген соң, әйелiне қолы тидi. Арақ iшкен адамдiкi қайдан жөн болсын, әйелдiң төркiнi араласып, келiннiң кетiп қалуына ұласты. Бұдан кейiн Заң ер адамның барынан айыратын болған соң бишара күйге түскен ер азаматымыз әйелдiң артынан зарлап еңiреп, жауға имеген басын әйелi алдында иiп, кешiрiм сұрап, беделiн одан әрi түсiрдi. Бұл Кеңес үкiметi салып берген қасіретті жол екенiн жасыра алмаймыз.

Мiне, соны көрiп өскен бүгiнгi кейбiр қыздарымыз арақ, темекiден аулақ өр тұлғалы ұлдарымыздың ерге тән ұстанымдарына көне алмай, әкем секiлдi неге болмайды? деп ақыры ажырасып жатыр. «Менi күйеуiм түсiнбейдi» деп сотқа арызданып жүрген нәзiкжан­дылар­дың көбi күйеулерiнен таяқ жеп азар көргеннен емес, күйеулерiне анасындай өз дегендерiн жүргiзе алмағаннан араздасқандар болып бара жатқаны өкiнiштi. Себебi, бүгiндегi көптеген жас жiгiттер арақ iшiп, шылым тартып, пәтуасыз, парықсыз тiрлiк жасап жүрген­дер емес. Сондықтан олар ер азаматқа сай ұстанып, әйелiнiң өзiнiң алдындағы мiндеттерi бойынша жүруiн қалайды. Бiрақ жас келiн «Менiң әкем шешеме үнемi көмектесетiн, тiптi кiр жуып, бала сындырған дәретiне дейiн төгетiн, iшпесе ұрмайтын, анам не айтса да көтеретiн және үнемi кешiрiм сұрайтын» деп бұртияды. Мiне, осыдан талай жанұялық ұрыстың басталғанын көрiп жүрмiз. Әрине, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әйелдерiңе қолғабыс етiңдер» деп үмбеттерiне ұлы жолды көрсетiп кеттi. Алайда әйелдердiң кейбiр талаптары бiзге шектен де шығып жататыны бар. Мұнымен кейбiр  ер азамат iсiне лайықсыз iстерге баратын жiгiттердi арашалап отырған жоқпын. Расында анасының ғана қабағынан ығып, сөзiн тыңдап өскен кейбiр ұлдарымыз әйелiн ер азаматқа тән емес iс әрекетiмен ұрып-соғып, аяусыз­дық етедi. Дегенмен «Әйел үйдiң шегесi» дейдi. Яғни, жаман еркектi де адам ететiн әйел жанжалдың шығуына да, оның жанбай жатып өшуiне де басты себепкер. Шынында бұл бiр қолымен бесiктi, екiншi қолымен әлемдi тербеткен ананың қолында. Алайда қазiргi кейбiр жанұя­сының тыныштығын тербете алмайтын әйелдер әлемдi қалай тербетпек?

Иә, әйелдердің сондай бір қасиеті жандар. Олар күйеуiнiң үйдегi орнын жоғары қалыптастыра отырып ұл қызына үлгi болады. Ұлымыз әкесiнiң оқ жон­ғанын көрiп ер азаматша өссе, қы­зымыз анасының әкесiн құрмет­те­генiнен тәлiм алып, күйеуiнiң бақа басын алтын етiп төрге шығарады. Мiне, осындай аналар көбейсе жастардың ажырасуы­ның азайуы­на өз септiгiн тигiзiп, өсiп келе жат­қан өскiндердiң жiгерiн нығайтады. Бұндай жерде балалар рухани әлсiз болмайды және суицит секiлдi пәлеге ұрынбайды. Ендеше ұлттың тәрбиешiсi ардақты әйел ана балаларының бақыты үшiн күйеуiн патшадай көрiп, шексiз құрметiн көрсеткенi ләзiм. Ал ол тәрбиенi анасынан алары сөзсiз. Осы кезде барып «Шешесiн қарап қызын ал» деген мақалға тоқтаймыз. Алайда өр әкенi көрген қыз күйеуiн өр болса екен дейдi, ез әкенi көрген қыз күйеуiн ез болса екен дейдi деп соңғы кезде айтылып жүрген жел сөзге қоғам қалай қарайды? Осыған бай­ланысты ел алдында жүрген жандардың пiкiрiн бiлсек деген ниетпен сауалнама жүргiзген едiк. «Әкесiн қарап қызын ал» дегенге ел қалай қарайды екен?

Алмагүл АЯҒАНОВА, психология  ғылымдарының кандидаты:

— Көп қыздар өз әкесiн идеал ретiнде қабылдайды. Дәл әкесiнiң бойында бар қасиеттердi жiгiттiң бойынан көргiсi келедi. Көп жағдайда қыздар әкесiне ұқсайтын жандарды өмiр бойы кездестiре алмауы да мүмкiн. Дегенмен, әрбiр адам – жеке тұлға, ол қайталанбастық екенiн естен шығарып алады. Сондықтан, әкесiндей болмағаны үшiн күйiнедi және өздерiнiң қия­лы­нан идеал жiгiттi жасап алуы да мүмкiн. Сондықтан шаңырақта әке орны ерекше болуы керек. Бұл әкеге де, анаға да жауапты iс, егер қызының бақытты болуын қаласа.

Айбек Қалиев, айтыскер ақын:

— Менiңше «Әкесiн қарап қызын ал» деген сөз жобаға келiңкiремейтiн сияқты. Қыз күйеуiнiң әкесiне ұқсағанын қалайтыны рас, бiрақ «Шешесiн көрiп қызын ал» деген мақал жiгiт тарапынан айты­лып тұрғандықтан, бұл мақалды өзгертуге дәйек бола алмайды. Алайда ер азамат қызына да ұлына да өзiнiң тұлғалығымен үлгi болуы керек. Ал, үлгi болу үшiн жұбайлар бiр-бiрiн құр­мет­­тегенi абзал. Дегенмен қыз шешеден көп тәлiм алады. Сондықтан шешесi қандай, қызы да сондай болады деп есептеймiн. Ал әкенiң балалар алдындағы беделiн қалыптастыруда ананың да ықпалы зор.

Сәрсенбай Арғынұлы, тыл ардагерi:

— Бұрын қай үйдеде болса ер азаматтың орны бөлек едi. Барлық ер азаматтардың үйiнде басы сыйлы болатын. Әке десе әйелден бастап балалардың барлығы ығатын едi. Ондай құрметтi көрген ер азаматтардың тұлғалы болмасына шара жоқ едi. Ал қазiр әкеге деген құрмет азайып кеттi. Содан соң ер азаматтар майдаланбай қайтсiн. Мына менiң өзiм төрт қыз ұзатып, бес келiн түсiрген жанмын. Оның iшiнде немерелерiм де бар. Шыны керек, ұлдарыма қарным ашады. Әйелдерiмен салғыласып отырғаны. Келiндерiмнiң де жағадан алып тұрғандары бар. Оларды көрген немере қыздарым ертең күйеулерiнiң бетiн осып жатса не болады. Мен қыздарымның барған жерiнде судай сiңiп, тастай батқанын қалаймын. Ал ол үшiн күйеулерін сыйлау керек. Сонда күйеу балалар да қызымды құрметтемей ме?

Ұлжан Кәрiмбекқызы, қарт ана:

— Қыздың негiзгi тәрбиешiсi анасы ғой. Сондықтан анасы көргендi болған жерде қызы да инабатты, ибалы болады. Сондықтан атам қазақтың «Шешесiн көрiп қызын ал» дегенi орынды. Ер азаматтың үйдегi мәртебесiнiң бар болуы да, жоқ болуы да әйелге байланысты. Бiрақ келе болмайтын ұлдар көп қазiр. Өзiмiздi шешемiз әке алдынан кесiп өткiзбедi, сөзiн екi еткiзбедi, әкемiздiң барлық жағдайын анаммен бiрге жасайтындымыз. Әкемнiң сөзi дұрыс болса да дұрыс, дұрыс болмаса да дұрыс деп түсiндiк. Ол айтты заң едi (көңiлi босап есiне алды). Сол тәрбиемен өскен соң ба мен де марқұм шалымның алдынан кесе өтпедiм, балаларымның барлығы оған ғана бағынды. Шалым ақ десе ақ, қара десе қара едi. Қазiр балаларым немерелi болып отыр. Келiндерiм бар, шүкiр. Соларға да үнемi осыны өсиет етiп отырамын. Сондықтан қыздың әкесiнiң де орнын бiлген жөн шығар. Өйткенi әке беделiн қалыптастыратын ана ғой.

Еркiн Дүйсенбаев, «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» дербес бiлiм беру ұйымдарының «Педа­гогикалық өлшеулерi орталы­ғының» филиалы Баға­лаушы эксперттердiң қызметiн үйлестiру орталығының аға менеджерi, бағалаушы эксперт:

Бұл жерде бiр-бiрiмен басы қосылмай тұрған үш мәселе бар:

1) қыздың әкесiне ұқсайтын жар iздеуi;

2) қыздың тектiлiгi немесе әкесiне ұқсау мүмкiндiгi;

3) нағыз еркектердi тәрбиелеуге жауаптылық.

Бұл мәселелер бойынша мынадай қызықты деректер бар: алғашқы баланың түр-сипаты көбiне, ұл болса шешесiне, қыз болса әкесiне ұқсайды екен. Ұл бала тапқырлық пен ақылдылықты көбiне шешесiнен алады екен. Нақтырақ айтсақ, әкесiнiң дарындылығының ер балаға берiлуi нөлге жақын болса, қыз балаға берiлуi 25 пайызға жақындайды. Ал шешесiнiң дарындылығының қызына берiлуi 75 пайызға жақындаса, ал ұлына берiлуi 100 пайызға жуықтайды екен. «Адамның жақсы болмағы нағашыдан» деген сөз осыдан шықса керек. Бұдан шығатын қорытынды: дарынды адамнан дарынды бала туылмайды екен, егер оның әйелi де дарынды болмаса. Ең бастысы, мiнез-құлық­тың тұқым қуалау жолымен берiлуi екi жақтан шамалас және 34 пайызды ғана құрайды екен. Жақсы немесе жаман мiнездiң қалғанын орта мен тәрбие қалыптастырады. Ендеше, ұл баланың батыл да жiгерлi, ал қыз баланың ибалы да өнеге­лi болуы екi жаққа бiрдей байланысты. Дегенмен, «әкеге қарап ұл өсер» деген сөздiң осы орта мен тәрбиедегi әкенiң рөлiн айқындап көрсетсе керек.

 Айжан, жалғыз басты ана:

-Бұрынғы әкелер нағыз әке ғой. Ал қазiргi еркектердiң көбiсi ер азаматтық беделдi көтере алып жүрген жоқ. Мысалы мен екi ұл, бiр қызыммен күйеуiмнен ажырасып кеттiм. Күйеуiм алименттi төлегiсi келмейдi. Осыдан кейiн ол – «мен еркекпiн» деп қалай айтады?

«Әкесiн қарап қызын ал» дегенге қалай қарайсыз деген сұрағыңыз қызық екен. Бұрын мен мұны ойламаппын. Бiрақ екi ұлыма да күйеуiн құрметтей алатын, барлық қиындықтарына төзетiн, асырап баққан анасы менi де қастер тұтатын тектi қызды өзiм таңдап жүрiп алып беремiн. Ал қызымды өте жақсы жерге беруге тырысамын. Маңдайына күн тигiзбей өсiрiп келе жатқан қызыма бiреудiң баласының қолы тұрмақ, сөзiн де тигiздiрмеймiн. Оған жол бермеймiн.

 Мұрат Берлiбек, студент:

-Шынын айтсам осы сұрақ менi қатты қинап жүр. Бiрер жылда оқуымды бiтiрген соң үйленем. Бiрақ кiмге, қандай жерден шыққан қызға үйленем, бұл жағы өзiме де жұмбақ. Кiмдi қалай таңдаймын, ақыл берер ағалар да болмай жүр. Ондай ағалар қайдан болсын жеңгейлерден аса алмай жүр ғой көбi (күлiп).

«Шешесiн қарап қызын ал» дегендi бiлемiн, бiрақ «әкесiн қарап қызын ал» дегендi естiмеппiн. Алайда астарында бiр сыр бар сияқты. Анасының әкесiмен қарым қатынасын көрiп өскен қыз күйеуiн де солай болса деп ойлайтыны шын сияқты. Кейбiр жеңгелерiмнен ашулан­ғанда «Менiң әкем әйелдiкi, ердiкi деп бөлмейдi, iстей бередi. Ал мына албасты қырсық» деп бұртаңдайтынын естiп қалып жатамын. Бұл маған болашақ жар таңдауда үлкен сабақ болатын сияқты. Шынында күйеуi ез, әйелi адуын жан­ұялар бар ғой. Ойлану керек екен.

Әрине, «Шешесiн қарап қызын ал» деп қазақ тегiн айтпаған. Ер азаматтың үйдегi, қоғамдағы орнын қалыптас­тыратын асыл тектi аналар аман болсын. Әйел затының бетiне жел тигенше ер адамның табаныша шөңге кiргенi артық. Бiр ғана жан бар, барлық құрмет пен қошеметке лайық – ол ана. Ер жiгiт сүйкiмдi де, сүйiктi әйелiн қалай мәпелесе, өмiр де оны солай мәпелейдi. Ал, әйел үшiн басты мәселе сол сүйкiмдiлiкке жету.

Сөзiмiздiң соңын ауызы дуалы Мөңке бидiң мына сөзiмен аяқтағанды жөн көрiп отырмыз.

-Iшiне шынтақ айналмайтын
Ежiрей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедiрей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетiн
Кекiрей деген келiнiң болады.
Iшкенiң сары су болады,
Берсең итiң iшпейдi,
Бiрақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Әйелiң базаршы болады,
Еркегiң қазаншы болады,
Әйел – ерге теңеледi,
Көл – теңiзге теңеледi.
Балалар жетiм болар,
Әйелдер жесiр болар,
«Ә» десе «мә» дейтiн кесiр болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзiнiкi жөн болар. Алайда бiз бұл қоғамға әлi келген жоқпыз деп есептеймiн. Және оны болдырмауға атсалысамыз.

Сәкен АЛДАШБАЕВ

Оцените статью
Добавить комментарий