Бала тәрбиесінің астарында ұлттық үстемдік, мемлекеттік идеология жатыр

Сана тәуелсіз болмай ешқандай ұлт бостандыққа жетпейді. …Империяны құлату оңай. Ал оның сеуіп кеткен психологиялық басыбайлылығын жеңу қиын.

… Ленинизмнің санаға кіріп кеткенінің бір дәйегі мынадай: Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері болып отырған дәбірлер кеңсесінің төрінде құлаған империя көсемінің бейнесі үш жылға дейін ілулі тұрды. Бұл жөнінен алғанда Лениннен гөрі Николай патшаның тұзы жеңіл боп шықты. Мәселе –  Ленин мен Николайдың суретінде емес басыбайлылық психологиясында. Әңгіме Монтеньнің «билеушіні тақтан құлатуын құлатасың-ау, бірақ адамдардың басына сіңіп қалған басыбайлылықтан қалай құтыларсың» деген емеуріні туралы. Абайдың:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, —

деген пікірінің астары да соны аңғартады.

Рухани Бостандыққа жету – рухани басыбайлылықтан, психологиялық тәуелділіктен толықтай құтылу деген сөз емес. Мысалы: осыдан мың жыл бұрын жат елге тәуелді болған елдің танымында, салт-дәстүрінде басқыншы жұрттың бір белгісі сөзсіз қалады.

Дәл бүгін туған нәрестенің түсінігіне өзгеріс кіру, кірмеу екіталай. Өйткені оның әкесінің санасы, танымы, тәрбиесі психологиялық тәуелділіктен арылған жоқ. Ол нәресте  телеэкрандағы «мултик» торайды әр күн сайын асыға күтеді. Енді оған торайдан сүйкімді жануар жоқ. Демек, оның санасы толық таза тәуелсіз сана деуге болмайды.

Әлемдегі отарлау жүйесінің негізін қалаған испандар мен ағылшындар, жапондар неге өзінің корольдары мен императорларын әлі күнге дейін сақтап отыр. Себебі:

“Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы” (А.Байтұрсынов).

Түрік ұланы: “Сен дүниеге түрік болып туғаның үшін бақыттысың!” –  деген Ата Түріктің сөзіне арқаланып, өзін-өзі ер ұстап өсті. Американдықтар: “Сен – дүниедегі ең қуатты, еркін ойлы, ең озық елдің азаматысың. Сенің Америка Президенті болуға толық қақың бар және президент боласың!” – деп тәрбиелейді баласын. “Сенің ұятың –  Жапонияның ұяты. Жапонияның ұяты – император!” деп үйретеді ұл-қызын жапондықтар. “Болашақ Индия – сенсің! Сен қандай керемет болсаң –  Индия сондай ғажайып болады!” – деп ұран тастады Джавахарлал Неру.

Ал біз қалай тәрбиелендік және қалай тәрбиеледік? Біз, қазақ ұлтының ұлдары, “кеше сауатсыз, қараңғы жұрт едік. Орыстар кеп шырақ жақты. Көзіңді ашты. Сол үшін балаңның баласына өсиет ет: аға халықтың алдында иіліп өтсін. Онсыз күнің жоқ!” –  деген басыбайлылық рухында еңсеміз езіліп, беліміз бүгіліп өстік.

Ақын Төлеужан Ысмайылұлы айтқандай:

 “Аға!” – дедік –  туымызды оң ұстар,

 “Баран!” – деді сонда бізді орыстар.

Бұл басыбайлы күйге біз көндік. Көндірді.

…”Өзге ұлттың патшаларының бәрі жақсы да осы қазақтың ханына келгенде бәрі жаман боп шыға келетіні несі екен?” –  деп аңқауси ашына айтқан ақын Ғафу Қайырбековтің күйінетіні де сондықтан.

Тәуелсіз мемлекет атанғаннан соң да пиғыл мен жалтақтық жойылған жоқ.

Бала тәрбиесінің астарында ұлттық үстемдік, мемлекеттік тұтастық, мемлекеттік мүдде, мемлекеттік идеология және ұлттық мақтаныш жатыр. Мұны Абай түсінген. Ол:

“Сәулең болса кеудеңде,

 Мына сөзге көңіл бөл.

 Егер сәулең болмаса,

 Мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің,

 Қаптаған соң көзді шел ” – деп қатулана сөйлейді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Оцените статью
Добавить комментарий