Балам жақсы адамдардың ортасында жүрсін десеңіз …

Ешкімнің сыртынан ғайбат айтпайтын, кіммен жанасса да соның жақсы жағын және жақсылығын көріп жүретін бір танысымның мінезіне қайран қалушы едім. Ол тіпті кейбір жұрт жаманға шығарып тастаған адамдармен араласса да, «пәленнің жомарттығын айтсаңшы, түгеннің адалдығын-ай!» деп әлгі «іске алғысыз» делінген адамдарды сағындыратыны бар. Жақында сол азаматтың осы мінезінің сырын ұққандай болдым.

Үйіне барғам. Жастары жетпістен асқан ата-анасы бар екен. Анасы әңгімешіл, баласының достарымен тіпті жақын тартып шүйіркелескенді ұнатады екен. Әңгіме әредігінде бала тәрбиесі жөнінде бір-екі ауыз сөз айтып қалды. Қалай тәбиелеген дейсіз ғой?

«Үйде бес бала болды, қанша дегенмен бала емес пе? Сырттан, «анау сүйтті, мынау бүйтті» деп бір-бірін жамандап келеді. Көршінің балалары да тәртіпсіздер қатарына қосады. Ол баланың: «Мен тәртіпсіздік жасамадым» деген ішкі ақталуы ғой. Содан мен бұлардың мұндай әрекеттерінен кәдімгідей шошындым. Бір күні отағасыға айттым. «Бұлар осылай кете берсе кейін айналасында жақсы адам қалмайтын шығар», дедім. Содан ақылдасып, амалға көштік. Балаларға тапсырма бердім. «Сен Бектайдың үш жақсы қасиетін айт, саған үш кәмпет берем» деп Нұрсұлуға, «Нұрсұлудың бес жақсы қасиетін айтсаң саған кәмпет берем» деген секілді талаптар қойып сыйлық беруді бастадым. Онсызда жейтін кәмпетері ғой, содан бұлар бір-бірінің жақсы жақтарын санамалап тұрып айтатын болды. «Ол үй жинауға көмектеседі, ол үй тапсырмасын уақытында орындайды, ол әке сырттан келгенде амандасады» дегендей. Кейбір кезде аздап өтірік те мақтап жібереді. Ондайда тойтарыс берем. «Жоқ, бұлай емес, былай шығар» деп көмектесем. Қызық болғанда бір ай өтер-өтпесте бұлар маңындағы адамдардың жақсы қырларына үңіле бастады. Біздің үй жақсы адамдарға толып кетті. (күліп) Көршінің балаларын да мақтаса сыйлық беріп отырдым. Кейін сыйлықсыз-ақ маңындағы балалардың, үлкендердің жақсы қасиеттерін айтып отыратын болды. Өздері сонай болуға ұмыталады ғой содан кейін. Шүкір, өскенде содан жаман болған жоқ. Адам бойында жақсылық та, жамандықта бар ғой, жақсы жағын көрсең жақсы мәміле жасасасың, сен жақсы мәміле жасасаң оның қайтарымы тек жақсылық қой шырағым. Ал, бір жақсылығын көріп жаман адамдарға да сеніп қалуға болмайды. Оны адамның ақылы екшейді ғой», – дейді апамыз.

 

Міне, елдің жақсы болмағы сенің жақсы болмағыңнан екен. Балам жақсы болсын десең, басқалардың жақсы жағын көрсете біл. Өкінішке қарай, көп ата-ана олай тәрбиелемейміз. Өзгенің баласын жамандауды үйретеміз. Тіпті өз баласына тамақ ішкізу үшін «пәленді қарашы, тамақ ішпей күші жоқ болып қалыпты, менің балам тамағын тауысып қояды» немесе «пәленнің баласы жылауық, менің балам жыламайды» деп айдаладағы Мұратты, Жанарды жамандайтын ата-ана қаншама!? Мұндай сөздерді жастайынан күнде естіп өскен бала есейіп, күрделі орталармен қарым-қатынасқа түскен кезде бірден кісінің жақсылығын көргіш бола қалмайды ғой. Қалыптасқан болмыс-мінезімен ортаға шығады. Сол кезде оның ойкөзі адамдардың жаман қырларын дөп байқағыш болады екен. «Анау анандай, мынау мынандай». Ылғи да кісінің жаман жақтарын көріп тұратын адам үшін олардың жақсы қасиеттерін шаң басып немесе көміліп қала береді. Сондықтан да олармен жақсы қарым-қатынас құра алмайды. Енді, «Айнала түгел антұрған». Өмір сүру аурлай бермек.

Ұларбек Нұрғалымұлы

Оцените статью
Добавить комментарий