Қазіргі ақпараттық технологияның қарқынды дамып отырған заманда біздің балдырғандар кітап оқудың орнына күндіз-түні компьютерге телміріп өсіп жатыр. Жаңа нәрсені үйренудің басқа түрлері көбейіп, балалардың кітап оқуға деген қажеттілігі жойылып барады. Алайда жас ұрпақтың өскелең талабын қанағаттандыруда, рухани байлығын, қабілетін, жалпы ой-өрісін дамытуда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап.
Нәресте туған кезінен бастап қандай адам болып шығатыны, өмірге деген көзқарасы, өзін қоршаған әлемді басқа адамдармен, ата-анасымен түсінігі қалыптасады. Сондықтан да балаға кішкентайынан кітап оқуды әдетке айналдыру керек. Кітап оқу баланың ой – өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Бұл туралы көп айтылды. Олай болса бүгін біз баланың кітаппен қалай достасуы жайлы шетел ғалымдарының зерттеуін ұсынатын боламыз.
Немістің мықты ақыны Гете: «Көкірегі ашық адам оқи білуді үйренудің қаншалықты қиын екенің біледі, мен бұған сексен жыл өмірімді арнадым, бірақ әлі кітап оқуды толық үйрендім деп айта алмаймын» деген екен. Балаға кітап оқуды үйретудің алғы шарттары:
1. Кітаптың құдіретін ұғындыру. Оны жыртпауға, тік отырып оқуға үйрету. Авторының кім, не жайында, қай жылы, қайдан шыққаны туралы білуі шарт.
2. Кітапты түсінбей құр оқудан сақтандыру керек, талғап оқуға, оған көз – қарасын білдіре алуға, қысқаша мазмұнды оқиғалар жазуға үйрету.
3. Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді не мақал – мәтелдерді, не дәйек сөздерді теріп жазып алуға арнайы дәптер аштыру керек. Осыдан келіп ол баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды.
Ағылшынның фантаст жазушысы, Нил Гейман балаға көркем шығарма оқу өте тиімді деп санайды. Көркем шығарма оқу кітап оқуға тәуелді қылады. Кейіпкерлердің мұң-қайғысы, қуаныш-шаттығы, күйініш-сүйініші сізді алуан сезімге жетелейді. Алға ұмтылуға, өзге адамдар туралы ойлауға, өмірге басқа көзқараспен қарауға көмектеседі. Кітап оқу сізді жағымды әсерге бөлеп, ой-жүйеңізді өзгерте алады.