Бірінші. Алаштың ардагері Әлихан Бөкейханов өзінің естелігінде Абайдан озық тәрбие көрген шәкірттерінің бірі Кәкітай Ысқақұлы жайлы былай дейді: 1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұзқалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамға жолықсамда қашпақ емеспін. Мен қашсам іздеп отряд шығып қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақты да бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе.
Ей, оқырман көрдіңіз бе, өзінің қара басын емес ел қамын ойлаған атамыз не істегенін. Енді мынаған қараңыз!
Екінші. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында былай делініпті: Газеттің 80-нөмір санында жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шырғарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақты қамау үкім етеді. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатынан ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызды.
Ей, оқырман байқадыңыз ба, қазақтың көзі мен құлағы болған газетті сақтап қалу үшін Ахаң өзі барып түрмеге отырған.
Үшінші. Этнограф көрнекті қаламгер Сейіт Кенжеахметов былай деп айтқан екен: Біздің бала кезімізде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Солардың тұқымы қазірде бар. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Ел айтатын: «Бұлар баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген малдың тұқымы» дейтін. Ұзын сөздің қысқасы 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Атақты ақын Әбіқай Нұртазинның «Тас мешін» деген дастаны бар. Дәл осы аштық туралы жазылған. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып Мыржақып Дулатов, Қаныш Сәтпаевтар Семей өңірінен мыңдаған мал жинап Торғайға жаяу жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп елді аштықтан аман алып қалған. Жүсіпбек Аймауытов сол малды тегін таратып жібергені үшін сотталып кеткен.
Міне, осындай «Елім деп соққан жүректер» ХХ ғасыр басында қазақта болды. Қазір бар ма?