“…Керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі…” Абай.
Мен де осы сөзбен бастағым келеді. «Торғайды оятқан теректің сыбдыры ма әлде, теректі сыбдырлатқан торғай ма?», – дегендейін әр адамның жан-жүрегі тербеліске түсетін бір сәттер болады.
Меніңше, қырық жастан асқан соң білуің – түсінуге, түсінуің – түйсінуге, түйсінуің – үңілуге, үңілуің – түңілуге жетіп ой шыңына табаның тиеді екен. Тек хайуандар ғана емес, адамдар да түлейді, бір ғана айырмашылығы адамдар іштей түлейді деген осы болуы керек.
Бұл өмірдегі ең оңай нәрсе не? Біреуге ақыл үйрету. Ал ең қиын нәрсе ше? Өзіңе-өзің баға беру. Бұл ащы да болса ақиқат аксиома.
Біздің екі әлеміміз бар, біреуі –біздің қиялымызда, біреуі –нақты. Адам болмысының тылсымы қаншама. Солардың бірі еш тиым салынбайтын, тоқтау қоймайтын бір құбылыс болушы – ой еркіндігі, ойлау шексіздігі. Дүниеде не жүйрік? Ой жүйрік. Ой мен ойлаудың өрісінің кеңдігі қисапсыз. Ең жүйрік деген шіркіндеріңіз ой шапшаңдығына ілесе алмайды.Бой жетпегенге ой жететіні шындық емес пе.
Жақсы адам тағдырына ешқашан налымайды. Жанды ауыртатын нәрселердің жалғыз емі –төзім мен сабыр.Уақыт ешкімнің ақысын жемейді, сәл сабыр етсеңіз уақыт – төреші бәрін де орнына қояды.
Біреулер айтады, өмірді көмірге теңеу әбестік, бірақ бәрібір жанып кетеді десе, енді бір адамдар айтады: «адам өмірі кеседегі су секілді, көпірсе тасып төгіледі, көпірмесе бу болып ұшып кетеді».Сондықтан да өмірді бал мен удың қосындысынан тұрады деп жатады.
«Тірліктің бір жыртығы жамалғанша, барады-ау өмір өтіп, амал қанша!», – деген өкініштер аз кездеспейді, әрине.
Өмір адамға сыйға емес, қарызға берілген, жан – Алланың аманаты. Өлім де туу секілді табиғаттың құпиясы болмақ. Бүгінде суицид деген пәле қаптап кетті деп жүрміз. Ең дұрысы, қайтпас сапарға баруға ешкім де кешікпейді. Ажал сені қуаламайды, қайда барсаң да, қай уақытта да тек алдыңнан тосып тұрады деп түсіну керек. Демек, Қорқыт ата да одан бекер қашқан. Оны ажал қумаған, тосып тұрған. «Өзгерте алмайтын нәрсеге төзімділікпен шыдау нағыз адамдық қасиет»,- деген қорытынды осы жерден шығады.
«Сен жазықсыз өліп кеткелі тұрсың» – деген достарына: «Сендер не, менің жазықты болып өлгенімді қалайсыңдар ма», -деген сөзді Сократтың соңғы сөзі деп айтады. Сөйтіп өлмейтіндер –өліп, өлетіндер –өлмей, бірінің өлімімен бірі өмір сүріп, бірінің өмірімен бірі өлетін көрінеді. Осылайша әрбір дәлел тағы бір дәлелдерді қажет етіп, шексіздікке дейін жалғаса беретін болуы керек. Мәселен, алтынды – отпен, әйелді –алтынмен, еркекті –әйелмен т.с.с. тексеріп ары қарай өмір өз сынағын жалғастыра береді…
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Адамнан туып, адам ісін етпей, ұялмай не бетіммен көрге барам?!» – деп өзіне-өзі серт беріпті.
«Адамға бәрі керек, солардың ішінен үшеуін ғана таңда десе, менің таңдайтыным: денсаулық, айнымас жолдас, суымас махаббат» -деген екен Ғабиден Мұстафин ақсақал. Ол ары қарай: «көңіл шіркін дәмдіден дәмді, қызықтан қызықты іздейді. Егер оны Ақыл, Сабыр, Ұят тежемесе, адамды айуан қатарына апармай тынбайды» -деген екен.
Ал ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов: «Адам баласы адам болғаннан бастап ұжымақта тұра берсе, дүниедегі ең топас хайуан сол болар еді» десе тағы да ары қарай: «адам екеніме сенбеймін, адам болғаныма ұяламын, адам болдым ба деп ойлаймын деген сияқты сөздерден аттап өтіп, адаммын деген тәкаппар сенімге тоқтайық» -депті.
Алақан жайып, тиын сұраған тілемсектің өзіне «осы шынымен қайыршы ма, әлде?…»-деп күмәнмен қарайтын болған бұл заманда жақсылық жасауға дайын тұратын жаны жайсаң жандардың баяғы динозаврларша құрып бітпегеніне кейде таң қаласың. Басып кеткен ізінен сәуле шашып тұратын адамдар да ортамызда кездесіп қалады.
Бүгінде битті «паразит» десең «ар-намысыма тидің» – деп сотқа сүйрейтін заман ғой. Өйткені жараны жібекпен таңсаң да ауыра береді. Таз мың сөзді көтерсе де «таз» деген сөзді көтермейтіні рас. Саяси сылдырмақтарды айтпай-ақ қояйын. Әттең аз күнгі қызығы үшін доңыздың тұмсығынан, сасық қоңыздың құйрығынан сүюге арланбайтындармен де қатар тірлік кешеміз-ау, амал не?,- деп те ойға қаласың кейде.
Аш екені де, тоқ екені де белгісіз, қабатыны я қаппайтыны да, иесінің бар жоғы да мәлімсіз, не ұры, не ақ екені түсініксіз, құйрығын селқос шиырып бос тастап жүретін, тазыға да, төбетке де ұқсамайтын, жүні барақы да емес, тақырға да жатпайтын бір иттер де болады. Осы тектес адамдар да болады екен!? Бірақ, біреуді ұнатпасаң да жек көрме, пиғылың бұзылады дейді. Ал, біреуге өкпелеу өзіңнің төмендігіңді таныту болмақ.
Менің білетінім, жақсы адамдар жаман адамдарды ешқашан жеңе алмайды. Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйіншіге де жарамайды.
Қазақта, «Төренің үйіне отын әкелген ыңыршақ төрт күн туласа, оны апарған құл алты күн арқаланады» -деген мысқыл аралас сөз бар. Бүгінде ондайды өте көп көріп жүрміз.
Шындық – бәріміздің ұмтылатын да жеріміз, ұтылатын да жеріміз. «Бәйбішеңмен ұзақ жыл өмір сүру, қызбен қол ұстасып бақшаға барып қайту емес» депті күні кеше бақиға аттанған Ә.Нұршайықов атамыз.Уақыттың үш шағы болғанымен, бақыттікі біреу-ақ –тек осы шақ: ол да ұзақ емес, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Бесік пен көрдің, есік пен төрдің арасында пенде шіркін нені көрмейді!? «Біз не көрмедік, желді күні түйенің үстінде келе жатып құрғақ талқан да жеп көрдік»,- депті бір атамыз.
Етігіңе ұлтарақ салсаң да бойың өсіп, көңілің көтеріліп қалатыны шындық емес пе. Ендеше табанымызға ұлтарақ секілді тапталып қалатыны рас болса да көздің құртына айналған дүние-боқ көзіне ғана емес, көкейіне де түсіп кеткен адамдар болады. Бұл қисынға салсақ, егер бақыт тән рахаты десек, онда шалғында тоя жайылып жүрген өгізден бақытты ешкімнің болмағаны.
Қытайда «проблема» деген сөз «мүмкіндік» – деген ұғымды білдіреді екен. Мәселен, бұл: «жолаушы, жол жоқ, жолды сен өзің жасайсың. Саған сондай мүмкіндік беріліп тұр» – дегенге саяды.
Сөз соңында: «бас ойламаса аяққа сор, аяқ ойға қалса басқа сор» -дейді ғой. Пеленің аяғына туған елі алтыннан ескерткіш жасағанын білеміз. Пеленің жүгіре – жүгіре сүйел шығып, тер сасыған аяғы-ақ небір данышпан бастарды шаң қаптырып, олардан асып түскен жоқ па, ендеше. Ал менің Бас пен Аяғым өз-өз орнында ма екен? Осы сауалды әркім өзіне қоя білсе шіркін…
Қақсауық бар, ділмәр бар, оттампаз бар, шешен бар. Төртеуі –төрт жұрттан. Асса, мен де солардың біреуі болармын. Тәмәм.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ