Суреткерлік қуатым шамалы болғасын бәрін оқырман көз алдына елестете алмай отырмын, біздің үйдің төржайлаудағы жұрты тоғыз жолдың торабында еді. Арлы-берлі көшкен жұрт түйелерінің белін суытып, өздерінің шөлін басып сапырылысып жататын. Қысқасы, күндіз-түні қонақ. Кейде тіпті шайдың өзін тойда палау басатын үлкен қара қазанға қайнатып жататын. Жетіспейді ғой.
Бір күні сондай қонақтардың үш-төртеуі сау ете қалды. Аттан түсіп, айылын босатып мамағашқа шылбыр іліп, қамшыларының ұшы жер сыза үйге беттеген. Апыл-ғұпыл шайдың қамы. Аман-сәлем аяқтай бере ішіндегі егделеу біреуі шешеме «жүрісіміз суыт еді, аттың белін суытқалы түстік, шайыңды тездетіп жіберсең, қарағым» – деді. «Иә, иә» деп елпеңдей жөнелдік. Бір кезде қарасам анам шәугімге суық су құйып жатыр. Таң қалдым. Даладағы ошақта қара қазандағы қара су бұрқ-сарқ қайнап жатқан болатын. Ұмытып кеткен болды ғой деген оймен «далада қайнап тұрған су бар ғой» дедім. Анам ештеңе деген жоқ. Бір кезде тағы да айттым. Сол кезде жаныма жақындай келіп қонақтарға естіртпей, «ол кір жуам деп қайнатқан су» деді. Үндемедім. Бірақ түсінбедім. «Болса не бопты?» Ары ойланып, бері ойланып жіп таға алмадым.
Дөңгелек кесенің түбін бес саусағының ұшына қондыра отырып соза сораптап шайға қанған жолаушылар аттанып кетті. Әлгі сұрақ ақылға әлі батып тұр. Мән-жайын сұрадым. Ыдысын жия жүріп жауап берген анам: «бір нәрсеге ниеттеніп қойған кезде-ақ сен сол жұмыстың үстіндесің. Кір жууға деп құйылған суды шайға пайдалануға болмайды. Оны кір жуатын ыдысқа құймай-ақ кірдің суы болып кеткен» дейді. А а а, дедім де қойдым.
Өткенде шөлдеп үйге келсем босаға жақта шала желінген жарты қарбыз тұр екен. Ұмтылып қалғаным сол еді, есіме анамның жоғарыдағы оқиғасы сап етіп түсе кеткені. Ол қай уақ? Және оны еске алып, ешкімге де айтпағам. Бала күнгі тәрбиенің жалт етіп көрініс берген тұсына тамсанып, таңырқап біраз отырып қалдым. Иә, мына қарбыздың далаға лақтыруға қойылғаны анық. Десе де қарын ашып отырғанда көзіңе шалынған шала мүжілген бас секілді баурап тұрғанын қайтерсің. «Ол енді қоқыс қой» деп ойладым. Сөйтіп ойлап үлгергенімше қарбызың тартпай қалды. Жиркеніш тудырды. Қызық ә?
«Амалдар ниетке байланысты» деген Алла тарапынан айтылған ұлы қағида қазекемнің тұрмыс-тіршілік, туабітті болмысына осынша сіңгенін сезінгеніңде тәнтіліктің тәтті сезіміне тұла бойыңмен балқисың-ау бір!
Бір досы әкемнен қоңыр құнанды сұрап келгенде әкем: «оны бір жиенге берем деп ниет етіп, іштей атап қойып ем» дегені есіме түсті. Анау «болмаса атқа ауысыңыз» – деп қоймай сұрайды. Сонда әкемнің: «Оған әлі айтпаған болсам да атап қойдым, ол енді соның малы, тіпті болмаса сол жиеннің өзінен сұрарсың» дегені де ап-анық есімде.
Бұл не сірә? Біреуге іштей беріп қойған дүниесін (ол білмесе де) енді біреуге біреуді қиянат көретін қазағымның осындай асыл болмысын бұл күнде біреуге айтып түсіндіруге бола ма өзі?..
Ұларбек Нұрғалымұлы